Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда мүгедектігі бар студенттер арасында интеллектуалды ойын өтті

Петропавлда мүгедектігі бар студенттер арасында интеллектуалды ойын өтті

Петропавлда мүгедектігі бар студенттер арасында «XXI ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалды ойын өтті. Бұл жыл сайын ұйымдастырылатын шараны бұл жолы да дәстүрден қалыспай, «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалы мен «Ардос-Жүрек» қоғамдық бірлестігі «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өткізді, деп хабарлайды QZ News.

Биылғы ойында 10 қатысушы бақ сынады. Зияткерлік ойын «Байға», «Гамма» және «Көкпар» атты 3 кезең бойынша өтті. Жылдам және дұрыс жауап берген қатысушылар ұпайға ие болып отырды.

«Біз барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасауға барымызды саламыз. Бұл ойын студенттердің әлеуметтік бейімделуіне де жақсы көмектеседі. Жыл сайын біз ойынды қызықтырақ етуге тырысамыз, жаңа форматтар мен сұрақтар қосамыз», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.

Жарыс нәтижесі бойынша Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Расул Каршалов жеңімпаз атанды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер партиялық жобаның амбассадорлары мен қалалық мәслихат депутаттары ұйымдастырған дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жарысқа қатысқан студентердің айтуынша бұл ойын тек білімдерін сынап қана қоймай, аналитикалық ойлау дағдыларын дамытуға және шектеулі уақыт ішінде командамен бірге жұмыс істеуге үйреткенін айтты.

«Бұл сайыс бізге қатты ұнады. Сұрақтар қиын болғанымен, өте қызықты болды. Кейбір тақырыптар туралы алғаш рет білдік. Мен өз білімімді сынай алғаныма қуаныштымын. Мұндай шаралар өзіңді көрсетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ойын қатысушысы Диляра Мұхамет.

«Кедергісіз келешек» жобасы қолжетімді орта құруға және барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасауға бағытталған. Оның аясында жастардың әлеуметтенуі, білім алуы және қоғамдық өмірге белсенді араласуына қолдау көрсететін түрлі бастамалар жүзеге асырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, интеллектуалды ойындар қатысушылардың қабілеттерін ашуға, жаңа достар табуға және өз күштеріне сенімді болуға мүмкіндік береді.

Shares