Петропавлда облыс әкімінің төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ВАК-нің көшпелі отырысы өтті
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов төрағалық етті. Жиын Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды,деп хабарлайды QZ News.
Кеңейтілген форматта өткен отырысқа қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысты. Бұл өз кезегінде өзекті мәселелер мен бастамаларды ашық әрі сындарлы талқылауға мүмкіндік берді. Университеттің таңдалуы кездейсоқ емес — мемлекет жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға айрықша мән беріп отыр.
Отырысқа құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, екінші деңгейлі банктер, білім беру ұйымдары, сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды:
1. Қаржы пирамидаларына, интернет-алаяқтыққа және заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл.
Бұл бағытта халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және екінші деңгейлі банктермен жұмысты жандандыру қажеттігі айтылды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, алдын алу материалдарын цифрлық кеңістікке енгізу тапсырылды.
2. Петропавл қаласындағы қылмыстық жағдай.
Талқылау нәтижесінде қылмыс деңгейін төмендету, заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қоғам мен депутаттарды кеңінен тарту, сондай-ақ тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сарапшылар қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу мақсатында ойын-сауық орындарына бақылауды күшейтудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, есірткі саудасымен жүйелі күрес жүргізуде «Ішімдіктен бас тарьқан ауыл» жобасын кеңінен енгізу қажеттігі де айтылды.