Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда “Теңге – тәуелсіздік келбеті” көрмесі ашылды

Петропавлда “Теңге – тәуелсіздік келбеті” көрмесі ашылды

“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде “Теңге – тәуелсіздік келбеті” көрмесінің ашылуы өтті. Ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдығына арналған шара ҚР Ұлттық банкінің Солтүстік Қазақстан филиалымен бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

15 қарашада Қазақстанда ҚР Ұлттық валюта күні және еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. 1993 жылдың дәл осы күні алғаш рет Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге енгізілді.

1992 жылы ұлттық валютаны әзірлеу үшін мамандар тобы құрылды. Оған жетекші дизайнерлер Меңдібай Алин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайрулла Ғабжалилов кірді. Жұмыс Қазақстан мәдениетін дамытудың тарихи аспектілерін зерттеуден басталды.

Ұлттық валютаны әзірлеу қысқа мерзімде – бір жылда жасалды. Дегенмен, теңге жоғары сапалы және оны қолдан жасау өте қиын. Бүгінгі таңда теңге елімізде ұлттық валюта ретінде мықтап орныққан.

Бастапқыда Қазақстан аумағында 2, 5, 10, 20, 50 тиын номиналы бар Л-80 қорытпасынан жасалған айырбасталатын монеталар айналымға түсті. Кейіннен олар айналымнан алынды. Сонымен қатар, номиналы 1, 3, 5, 10, 20 теңге болатын “нейзильбер” қорытпасынан ақша айналымы монеталары, сондай-ақ естелік және мерейтойлық монеталар енгізілді. 1996 жылы Қазақстанның 10 000, 5 000, 2 500 және 1 000 теңгелік “Жібек жолы” алтын инвестициялық монеталары айналымға шығарылды.

Теңгенің енгізілуі елімізде толыққанды банк саласын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазақстан тәуелсіз экономикалық, ақша-кредит және эмиссиялық саясат жүргізуге мүмкіндік алды.

“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде келушілерді ұлттық валютаның құрылу тарихымен және коллекциялық монеталармен таныстыратын материалдар ұсынылған. Бүгінде еліміздің тарихи оқиғаларына, атаулы күндеріне, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларға арналған монеталар мен ақшаны көру сәнге айналды. Сондай-ақ, “Қолданбалы өнер”, “Атақты мешіттер”, “Салт-дәстүрлер, Қазақстанның ұлттық ойындары”, “Қазақстан фаунасы” және тағы басқа ақша сериялары бар.

Shares