Петропавлдағы НЗМ ұстаздар арасындағы “Қос аңыз” республикалық пікірсайыс турнирі өтті
Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 15 жылдық мерейтойына орай Петропавлдық NIS-те ұстаздар арасында республикалық “Қос Аңыз” пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Шараға еліміздің түрлі өңірлерінен қазақ лигасының 12 құрамасы қатысты. Дебатшы мұғалімдер білім беру саласындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, қызу пікірталас ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгінде пікірсайыс қозғалысы мектеп оқушыларының арасында жақсы дамыған. Оқушылар облыстық, республикалық сайыстарға үнемі қатысып отырады. Дегенмен оқушыларды осы сайыстарға әзірлейтін ұстаздардың арасында бұндай жарыстар жоқтың қасы. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 15 жылдық мерейтойына орай Петропавлдық NIS-те алғаш рет педагог пікірсайысшыларға арналған республикалық “Қос Аңыз” түрнирі ұйымдастырылды.
“Ұстаздардың арасында тәжірибе алмасудың маңызы өте зор. Өйткені бұл қозғалыс оқушылардың ортасында кеңінен танымал. Сондықтан форматтың біріңғайлығын қамтамасыз етіп, ортақ тақырыптар, шәкірттерге нені үйрету керектігі, ұтымды тұстары қандай екенін көрсету үшін ұстаздарды үйрету мақсатында, екіншіден, мұғалімдердің ораторлық шеберліктерін шыңдау үшін алғаш рет осы “Қос Аңыз” пікірсайыс турнирін ұйымдастырдық”, – дейді Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Бақытжан Тұрсынов.
Екі күн бойы Астана, Павлодар, Ұлытау, Семей, Қостанай Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірлерінен келген мұғалімдер білім беру саласы, қоғамның өзекті проблемаларын ортаға салып, өзара талқылап, шешу жолдарын ұсынды. Семей қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Данияр Кемешев дебатпен студенттік кезден айналысып келеді. Бүгінде “Қағида” пікірсайыс клубына жетекшілік етіп келетін ұстаз, турнирде өзіне біраз тәжірибе жинағанын айтады.
“Мұғалімдер арасында да пікірсайыс турнирлері өтсе екен деп бұрыннан армандайтынбыз. Сол арманымыз Петропавлда жүзеге асқанына қуаныштымыз. Өйткені оқушыларды осындай сайыстарға әзірлейтін мұғалімдердің өздерінде сайыстың форматы жайлы түсінік болуы керек, сыни ойлай алуы керек. Оны оқушыларға түсундіру үшін, тәжірибе жинақтау үшін осы турнирдің маңызы зор деп айтар едім”, – деп бөлісті Данияр Кемешев.
Ал Ұлытау облысының Қарсақбай кентіндегі 15 тірек мектебінде тарих пәнінен сабақ беретін Дархан Есенбаев үшін бұл дебат сайысы алғашқы сынаққа айналды. Білім саласына 4 жыл бұрын қосылған маман алдағы уақытта бұл іспен мықтап айналыспақшы.
“Небір мықты мамандар келген екен. Бұл – таным көкжиегімді кеңейтіп, тәжірибемізді бөлісіп, тәжірибе жинап, кейін оны оқушыларыма үйретуге керемет мүмкіндік. Бұрын өзім дебатқа аса қызыға қоймайтынмын. Өйткені қелген тақырыпқа байланысты, өзіңе ұнамай тұрған жақты қолдап, сөйлеуге қарсы болатынмын. Бүгін қызу дебатты көріп, бір сәуле ғайыптан пайда болды. Енді сол сәуелінің жетегінде жүріп, ұлт болашағын тәрбиелесек деген ниетіміз бар”, – дейді ұлытаулық Дархан Есенбаев.
Турнир британдық парламент форматында қомандалық сайыс және Линкольн-Дуглас форматында жеке спикерлердің сайысы түрінде ұйымдастырылды. “Үздік спикер” атағын қостанайлық ұстаз Дастан Қалиев жеңіп алды. Құрамалар арасында үшінші орынға “Павлодар А” командасы тұрақтады. Екінші және бірінші орындар бұл жолы Қостанай қаласының “Амангелді тарландары” және “Парасат майданы” құрамаларының дебатшыларына бұйырды. Жүлдегерлерге демеушілік жасаған жергілікті “Саяхат” құрылыс супермаркетінен ақшалай сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта бұл турнир Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қабырғасында қазақ, орыс және ағылшын лигаларында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.