Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдағы сапасыз жолдар 2024 жылы қайта жөнделеді

Петропавлдағы сапасыз жолдар 2024 жылы қайта жөнделеді

Биыл облыс орталығындағы автожолдарды жөндеуге және қайта құруға бақандай 8,2 млрд теңге бөлінді. Осындай қаржыландырудың арқасында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Алайда, “СҚО бойынша сапа және жол активтері орталығы” филиалының зертханалық сынақтары мен сараптамаларының нәтижелері бойынша 7 көшедегі учаскелер сапасыз деп танылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында қала әкімі Серік Мұхамедиев Петропавлда жолдарды сапасыз жөндеу мәселесі қалай шешілетінін айтты.

“Мердігерлерге шағым түсірдік, оларға сапасыз жұмыстары үшін ақша төленбеді. Барлық ақауларды “өз істерінің шеберлері” 2024 жылы түзетуі тиіс. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда”, – деді қала басшысы.

Сондай-ақ, ол Горький мен Жұмабаев көшелерін қайта жаңарту туралы айтты.

“Құрылыс материалдары бағасының қымбаттауына байланысты жобаларға түзетулер енгізілді. Жобаларды аяқтау 2024 жылға жоспарланып отыр. Универсал көшесі бойында өткел салу жобасы қарқынды жүріп жатыр. Оның іске қосылуы Караван көшесіндегі апатты көпірді уақытылы жөндеуге және Жұмысшы кентінен қалаға шектеусіз кіруге мүмкіндік береді”, – деп толықтырды Серік Мұхамедиев.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы құрылысы бастау алған жаңа көпір Караван көшесіндегі көпірдің жүктемесін азайтады. Нақтырақ айтсақ, үлкен көлемді жүк көліктерінің ағынын өткізуге және жеңіл автомобильдер мен қоғамдық көлік маршруттарының еркін ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асырумен “БУКА” ЖШС айналысады, жобаның жалпы сомасы 5,87 млрд теңгені құрайды.

 

Shares