Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдағы төрт сауна мен екі пәтерде интимдік қызмет көрсетілген

Петропавлдағы төрт сауна мен екі пәтерде интимдік қызмет көрсетілген

СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, интимдік қызмет көрсететін притондарды анықтау бойынша бірқатар рейдтік іс-шара өткізді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Үш тәулік ішінде атқарылған жұмыстың нәтижесінде мамандар облыс орталығының аумағында ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабы «Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» бойынша бірден 6 фактіні анықтады.

СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері қаланың орталық бөлігінде клиенттерге эротикалық дене массажын жасап келген бірден екі пәтерді анықтады. Пәтерлердің бірі Интернациональная көшесіндегі үйде орналасқан. Онда полицейлер 2003 жылы туған екі қызды ұстады. Әкімшіге қатысты ҚР ӘҚБтК 450-бабының 1-бөлігі бойынша материал жиналды.

Ал боди массаж жасалған екінші пәтер Алтынсарин көшесіндегі үйлердің бірінен анықталды. Бұл әкімшіге де ҚР ӘҚБтК 450-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Баптың санкциясы 100 айлық есептік көрсеткіш (345 мың) түріндегі әкімшілік айыппұл салуды көздейді.

Сондай-ақ ҰҚҚКБ қызметкерлері рейд барысында қаланың әр түрлі бөліктерінде орналасқан төрт саунада «шақырту бойынша келетін қыздар» тарапынан интимдік қызмет көрсету фактілерін тіркеді. Сауна иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК 450-бабының 1-бөлігі бойынша материалдар жиналды.

 

Shares