Петропавлдағы ЖЭО-2-де 7 метр биіктіктен құлаған жұмысшы көптеген жарақат алды
Петропавл қаласындағы ЖЭО-2 аумағында газ шығару құбырларын жуу және тазарту кезінде шамамен 6–7 метр биіктіктен 39 жастағы мердігер ұйымның жұмысшысы құлап кетті, деп хабарлайды QZ News.
Белгілі болғандай, зардап шеккен азамат «Средазэнергомонтаж Петропавловск» ЖШС жұмысшысы болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді. Құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп мәлімдеді СҚО Полиция департаменті.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ер адам шұғыл түрде көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген.
«Ол биіктікте жұмыс атқару барысында жарақат алды. Шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Алғашқы диагноз: біріктірілген жарақат. Бас сүйек-миының жабық жарақаты. Мидың соғылуы. Бас сүйегінің сол жақ шүйде-төбе аймағында соғылып-жыртылған жара. Сол жақ қабырғалары сынған. Сол жақ өкпенің соғылуы. Сол жақ жамбастың сыртқы бетінің сырылуы. Іштің жабық жарақаты. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, бірақ салыстырмалы түрде тұрақты. Есін біледі. Өзі тыныс алып жатыр. Қарқынды терапия жүргізілуде, науқас толық көлемде бақылауда және ем алуда», – деп хабарлады СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.