Петропавлдың ботаникалық бағында Аяз аталардың ретро-көрмесі ашылды
Жаңа жыл қарсаңында Петропавлдың ботаникалық бағында көпті қызықтырар ерекше көрме ашылды. Онда әртүрлі онжылдықтағы Аяз ата ойыншығы қойылған. Олардың барлығы бақ қызметкері Анна Ляшенкоға тиесілі, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Аяз ата, Дед Мороз, Санта Клаус, Шахта баба, Папа Ноэль. Жаңа жыл мен Рождество күндері әр үйге барып, сыйлық сыйлауға асығатын мұндай кейіпкер әлемнің көптеген халқында бар.
Осыдан бірсыпыра уақыт бұрын фабрикалар мен артельдерде тер төккен шеберлердің қолынан шыршаның астында тұратын Аяз аталар партиялап шықты. Бүгінде оларды кездестірмейсің. Мұндай естелік тек коллекция жинаушылардан табылады.
Петропавл қаласының тұрғыны Анна Ляшенко – жаңажылдық Аяз аталарды жинайтын жанның бірі. Азаматша биыл көрме ұйымдастырып, үйіндегісін көпшілікке көрсеткісі келіпті.
«Бала кезімде маған шырша ойыншықтары мен Аяз аталар шынайы болып көрінгендіктен оларды жинау туралы шешім қабылдадым. Мұндағы әрбір ойыншық – адамның еңбегі, маңдай тері. Шебер бұларды жасап қана қойған жоқ, оларды түрлі түске бояды, ерекше сән берді. Осыны түсіну керек. Әрбір ойыншықтың өзіндік тарихы бар. Оларды ұстаған сайын көз алдыма өткен күндер келеді», – дейді Анна Ляшенко.
Көрмеге өткен ғасырдың 50-ші жылдары мен 2000 жылдар аралығындағы Аяз аталар қойылған.
«Көрмеде мақтадан, пластиктен, пенопластан, велюрден, жіптен және өзге де дүниелерден жасалған, тоқылған Аяз ата бар. Сондай-ақ, бұл жерден тәттілер жасыратын Аяз атаны табуға болады. Ең кішкентай Аяз атаның бойы – 15 см, ең үлкені жарты метрге жуықтайды», – деп толықтырды Анна.
Көрмедегі Аяз аталардың ұзындықтары ғана емес, бағалары да әртүрлі. Ең қымбаты – 1970 жылдары шығарылған ойыншық. Оның құны – 15 000 теңге.Анна бала күнгі естеліктерін бөле-жарғысы келмейді. Бірақ, өзіне кішкентай кезінде шатырдан тауып алған Аяз ата жақын екен. Айтпақшы, содан осы коллекцияны жинау басталған.
«Ол біздің үйдегі шыршаның астында тұрды. Оны үнемі ұстағымыз келетін. Бірақ, үлкендер рұқсат етпейтін. Ал мен болсам Аяз атаны жасырын түрде алып, ойнайтын едім. Бұл дүние маған сол кезде ертегі кейіпкеріне ұқсайтындай көрінді», – деп бөліседі азаматша.
Көрменің басты мақсаты – өскелең ұрпаққа бұрын жаңажылдық ойыншықтардың қандай болғанын көрсету және аға буынға өткен күндерді, Жаңа жыл алдындағы дайындықтың жарқын сәттерін еске түсіру.
«Көрмеге келушілер барлығын мұқият қарап, танысып, сұрап жатады. Мұндай сәтте өзіңді бақытты сезінесің. Өткен күннің естеліктерін жинағаным үшін, алдынғы буынға балалық шақты еске түсіргенім үшін алғыс айтатындар да баршылық», – деп әңгімесін түйіндеді Анна.