СҚО-да 14 қаңтар күні қалың қар құрсауынан 50-ден астам адам құтқарылды
14 қаңтарда СҚО аумағында дүлей боран тіркелді. Бұл өңірдегі көлік қатынасына айтарлықтай әсер етті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
СҚО ТЖД хабарына сүйенсек, Есіл ауданы Ақтас ауылының маңындағы автожолда қар кептелісі тіркелді. Онда бір автобус және 26 жолаушысы бар 5 бірдей жеңіл автокөлік тұрып қалды.
Жедел әрекет ету шаралары қабылданды. Жол қызметтерінің күштері, жергілікті атқарушы органдар мен полиция СҚО ТЖД жедел штабының үйлестіруімен, жолда қалғандарды Ақтас ауылына дейін тазартылған жол арқылы апарды. Медициналық көмек ешбір жанға қажет болмады.
“Осыған ұқсас жағдай аталған аудандағы Новоузинка ауылы маңында тіркелді. Мұнда 8 жолаушысы бар 3 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды. Оқиға орнына жедел түрде СҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметі № 10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігі арқылы жіберілді. Автокөліктер Корнеевка ауылына сүйреп әкелінді. Адамдар осы елді мекеннің жылыту пунктіне орналастырылды. Олар медициналық көмекті қажет етпеді”,- делінген СҚО ТЖД хабарламасында.
Уәлиханов ауданындағы “Көкшетау-Омбы” автожолында жол-көлік оқиғасына ұшыраған 3 шағын автобустың жолаушылары да бұл күнді ұмытпайды. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. Оқиға орнына Кішкенекөл ауылы № 8 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері ТРЭКОЛ көлігі арқылы бірден шықты.
Зақымданған автокөліктердің жолаушылары Бидайық ауылының жылыту пунктіне жеткізілді. Олар да медициналық көмекті қажет етпеді.
Кешке қарай Тайынша ауданындағы жолдардың жабылуына байланысты Келлеровка ауылының жылыту пунктіне (орта мектепке) жергілікті атқарушы органдармен 27 адам орналастырылды. Оның ішінде 6 бала бар. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Жалпы, 14 қаңтар күні 112 телефонына 630-дан астам қоңырау келіп түсті. Олардың барлығына қажетті ден қою шаралары қабылданды.