Петропавлдық полицейлер тыныштықты бұзған 2000 адамды жауапқа тартқан
Әдетте тыныштықты бұзу жайты жалға берілетін пәтерлерде тіркеледі. Бұл өз кезегінде көршілердің демалуына кедергі келтіреді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
12 желтоқсан күні таңғы 06:30-да Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесіндегі үйлердің біріндегі жастардың бас қосуы тұрғындардың тыныштығын бұзған. Анықталғандай, тұрғындар көрші пәтерде көңіл көтерген бір жігіт пен екі қыздың күлкісі мен айқайынан оянып кеткен. Шақыртуға келген учаскелік полиция инспекторы пәтерді жалға алған 21 жастағы бойжеткенге әкімшілік хаттама толтырды. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Адамдарды таң атпай оятқан жастар пәтерден шығарылып, кілт пәтер бюросына тапсырылды.
«Түнгі уақытта осындай фактілерге барып, шаралар қолдану үшін учаскелік инспекторлар кезекшілікке түседі. Түнгі уақыттағы шу – жиі жасалатын құқық бұзушылықтардың бірі. 11 айдың ішінде облыс орталығының аумағында осындай 1928 факті тіркелді», – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Жұмалиев.
Біле жүріңіз! Жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9-ға дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.