Подгора шағын ауданындағы бөгетті қайта жөндеуге 851 миллион теңге бөлінді
Облыс орталығының Ущев көшесіндегі бөгет қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бүгінде мұндағы жұмыс қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Аталған бөгет 1960 жылы пайдалануға берілген. Бұл маңызды нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда елеулі рөл атқарады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Өңір су тасқынын болдырмауға ертерек қамданды. Себебі 2024 жылдың көктемінде тіркелген рекордтық су тасқыны Солтүстік Қазақстан облысына үлкен зиян келтіріп, жүздеген тұрғын үй, бау-бақша учаскелері мен инфрақұрылым нысандарын су басты. Қазір Ущев көшесіндегі бөгет қайта келтіріліп жатыр. Оның жұмысымен Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода танысты.
2024 жылғы тасқын судың деңгейі ескеріліп, бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін ұлғайтылды. Ал ұзындығы 300 метрге дейін созылды. Қазіргі уақытта нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілді. Бүгінде бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүргізіліп жатыр.
«Бұл шаралардың барлығы өткен жылғы жағдайдың қайталануын болдырмау мақсатында қолға алынды. Былтыр тасқыннан көптеген адам зардап шекті. Қаншама үйге зақым келді. Биыл бұған жол бермейміз. Бұл нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда маңызды рөл атқарады. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жақсы деңгейде жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті Еркебұлан Мәмбетов.
Барлық шаруаны «BUILDING STROY-2020» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 851 миллион теңгені құрайды. Құрылыс барысында сапалы материалдар мен заманауи технологиялар қолданылуда. Бұл бөгеттің ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз етеді. Депутаттар жергілікті билік пен мердігер үшін ең бастысы — жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуы екенін атап өтті.
Жалпы өңірде 8 бөгет қалпына келтіріліп жатыр. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан облыста 4 мыңнан астам тұрғын үй, 45 кәсіпкерлік нысан, 42 автожол учаскесі зақымданған болатын.