Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Полицей ауыл тұрғынын интернет-алаяқтан құтқарып қалды

Полицей ауыл тұрғынын интернет-алаяқтан құтқарып қалды

Учаскелік инспектордың уақтылы ескертуі СҚО Мамлют ауданындағы Афонькино ауылының тұрғынын интернет-алаяқтардың әккі әрекетінен құтқарды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

WhatsApp қосымшасындағы ауыл чатында отырған полиция майоры Рустам Валиев киберқылмыстардың қаупі туралы профилактикалық бейнероликтер мен жадынамаларды жиі таратып отырады. 1 ақпан күні осындай кезекті бейнероликті жібергеннен кейін чатқа ауылдағы әйелдердің бірінен алғыс жазылған хабарлама келіп түскен. Әйелдің дауыстап жазған хабарламасына сәйкес, оған бейтаныс біреулер хабарласып, оның туысы жол-көлік оқиғасына түскенін айтқан.

«Алаяқтар екені бірден ойыма келмеді. Тұтқаның арғы жағында полициядағы сияқты шулап жатқан дауыстар шығып жатты. Менің жеке деректерімді айтып берді. Егер сіз жіберген видеоны көрмегенде, алаяқтарға сеніп қалар едім», – дейді Афонькино ауылының тұрғыны.

Мұндай схема арқылы адамдарды алдау кеңінен таралған. Полицияның атын жамылған қаскөйлер жол апатынан зардап шеккен адам ақша алса, арыз жазбауы мүмкін екенін алға тартады. Тіпті жыламсыраған дауысты қосуы мүмкін. Әдетте, сұратқан ақшаларын өздерінің жіберген адамдары – дроппер арқылы алдыртады.

«Қаңтар айында ауданда интернет-алаяқтықтың 2 фактісі тіркелді, екеуі де осындай сценарий арқылы жасалды. Айта кету қажет, азаматтардан алаяқтардың қулықтарына алданбағаны туралы хабарламалар жиі келіп тұрады. Бұл – тұрғындардың полиция қызметкерлерінің ақпаратына ден қойып, түсінгенін көрсетеді. Интернет-алаықтық – бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі. Бұны жуырда жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура мен жұртшылықтың қатысуымен өткен ведомствоаралық комиссияда талқыладық. Барынша көп адамды қату үшін бірлескен профилактикалық жұмыстарды күшейту туралы бірқатар шешімдер қабылданды. Өйткені алаяқтықтың қаупінен хабардар адам ғана өз-өзін қорғай алады», – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Петр Климов.

Shares