Полиция Петропавл мектептерінде терроризм актісін ұйымдастыру туралы жалған хабарламаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады
Полиция Петропавл мектептерінде терроризм актісін ұйымдастыру туралы жалған хабарламаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Сақшылардың ақпаратына сүйенсек, қазір Петропавл мектептерінде терроризм актісін ұйымдастыру туралы жалған хабарларға қатысы бар адамдар анықталуда.
“Сонымен бірге оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша қажетті шаралар қабылданды: облыс орталығындағы барлық оқу орындарында жеке құрамның күштері мен құралдары бөлініп, бекітілді. Бұған дейін осыған ұқсас хабарламалар көршілес орналасқан мемлекеттен Қазақстанның басқа бірқатар өңірлеріне келіп түсті. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда. Халықты осындай үрейлі хабарламаларға берілмеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз”, – деді СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыс күні Петропавлдың 6 бірдей мектебіне лаңкестік шабуыл жасалатыны жайлы белгісіз тұлғалардан хабар тараған болатын. Хабарламаның авторы телеграммда арна құрды, бекітілген жазбаға қару-жарақпен түскен суретін қосты және бірнеше ондаған адамнан тұратын топпен әрекет ететінін айтты. Осындай “тазартудан” кейін ол тарихқа енетінін де жазды.