Қала әкімі жеке сектор тұрғындарына жүгінді
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев шаһардың көктемнің келуіне қалай дайындалатынын айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Жаңа жылдың басынан бастап су тасқынына қарсы іс-шараларды пысықтай бастадық. 2023 жылы температураның күрт көтерілуіне байланысты бірнеше шағын аудандағы аулалар ішінара су астында қалды. Биылғы жылы ауа-райы өте тұрақсыз. Сондықтан алдағы көктемге мұқият дайындалу керек. Жеке секторда қар шығару, бүкіл қаланың кәріздерін тазарту – біздің бірінші кезектегі міндетіміз. Құрметті қала тұрғындары, біз барлық жұмысты бірлесе ғана тиісті деңгейде атқара аламыз”, – деді облыс орталығының әкімі.
Серік Мұхамедиев өз жазбасында жеке сектордан қар шығару мәселесіне жіті тоқталды. Қала басшысы бұл бағытта келесі жұмыс механизмін ұсынады:
“Жеке сектордың негізгі көшелерін қардан тазарту және қар шығару жұмыстары жалғасады, өйткені олар арқылы көлік құралдарының үлкен ағыны өтеді. Сонымен қатар, техника кішкентай көшелерге де кіреді, біз бірінші кезекте жолдарды қар үйінділерінен босатамыз. Бұл коммуналдық қызметтердің қарамағындағы ауыр техниканың кедергісіз өтуі үшін қажет. Содан кейінгі негізгі міндет – жеке сектордағы үйлерден қарды тікелей шығару. Мұндай ақ ұлпа тегін тасымалданады”, – деп жазды Серік Мұхамедиев.
Жұмыс кестесі мен көше тізімі әлеуметтік желілерде жарияланады. Осы кезекке сәйкес, жеке сектор тұрғындары өз аулаларын тазалап, қарды жол бойына жинауы керек. Қала әкімі ақ ұлпаны жолдың үстіне шығармауды сұрайды. Қоршаулардың ауыр техникамен зақымдануын болдырмау үшін қала басшысы тұрғындардан қарды шығару процесін де тікелей бақылауды сұрады.
“Жеке секторда көптеген қарт адам тұрады, олар да назардан тыс қалмайды. Қажет болған жағдайда біз олардың ауласын қардан тазартуды ұйымдастырамыз. Менің ойымша, еріктілер мен көршілер қол ұшын созады. Құрметті қала тұрғындары! Жұмыс көлемі үлкен, сондықтан мен түсіністікпен қарауды және жұмысқа бірлесе кірісуді сұраймын. Біз бұл міндетті бірге тиісті деңгейде орындай аламыз”, – деп жазды қала әкімі әлеуметтік желілерде.
Коммуналдық қызметтер ағымдағы кезеңде 540 мың текше метрден астам қар шығарды, деп хабарлады қалалық әкімдік. Жергілікті биліктің мәліметінше, күн сайын Петропавлда механикаландырылған тазалауға 120-дан астам арнайы техника шығады, жақын арада оның санын 265 бірлікке дейін ұлғайту жоспарлануда.