Қала тұрғындары су тасқынының екінші толқынын 7-10 күннен кейін сезінеді
29 наурыз бен 17 сәуір аралығында облыста 2686 үй су астында қалды. Су әлі 2,5 мыңнан астам үйде тұр. Тасқын басталғаннан бері өңірде 14 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Тек 643 солтүстікқазақстандық үйлеріне оралды. Соңғы дерекке сүйенсек, өңірде 11 автомобиль жолы арқылы су жүріп жатыр, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Облыс орталығы арқылы тасқынның шарықтау шегі өтті. “Қазгидромет” деректері бойынша өткен тәуліктермен салыстырғанда Есіл өзені – Петропавл қалалық гидробекетінде 5 см-ге төмендегенін байқадық. Қызылжар ауданында жағдай әлі де күрделі. Соколовка ауылының маңында үлкен көлемдегі су тұр, біз екі күнде жағдай реттеледі және осы ауданда төмендеу орын алады деп үміттенеміз. Екінші толқынға келетін болсақ, Ақмола облысында өсуді байқап отырмыз. Есіл өзенінің Сергеевка маңындағы бекетінде бір тәулікте су 5 см-ге көтерілді. ақырындап бізге келе бастайды. Біз оны облыс орталығында шамамен 7-10 күннен кейін сезінеміз”, – деді СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.
Қызылжар ауданында 22 елді мекенге су кірду. Су тасқыны басталғанға дейін мұнда 17 эвакопункт ашылды, кейін ахуалға байланысты олардың санын көбейтуге тура келді.
“Су тасқыны кезінде тағы 5 эвакопункт ашуға тура келді. Бүгінгі таңда бізде 3,5 мыңнан астам үйді ау басты. Бұл – 8,5 мың адам, оның ішінде 2064 бала бар. Біздің эвакопункттеріміз 3 мыңнан астам адамды қамтиды. Бүкіл Соколовканы толығымен су басу қаупі болды. Бұл – 2050 адам. Қауіп Вагулино, Кустовое, Красноярка сынды ауылдық елді мекендерге де төнді. Большая Малышка ОМ-ге су келді, онда 100-ге жуық адам эвакуацияланған еді. Бір түнде біз оларды су бармайтын аймаққа жеткіздік, 67 адамды Пенковка ОМ-ға көшірдік, қалғандары Петропавл қаласындағы туыстарына жол тартты”, – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, эвакуациялау комиссиясының төрағасы Алма Нұрғалиева.
Облыс орталығында су басу аймағында 5709 адам қалды, 5 мың адам эвакуацияланды, оның ішінде мың бала бар.
“Қала аумағында 12 эвакопункт орналасқан, оған 460-тан астам адам кіреді. Бүгінгі таңда 109 бос орын бар. Кеше материалдық көмек төлеуге және залал бойынша өтемақы алуға өтініштер қабылдау басталды. Өтініштер екі мекен-жай бойынша қабылданады: Театр көшесі, 36 және Конституция көшесі, 23. Егер кеше мен бүгінді қорытындылайтын болсақ, онда 1186 өтініш берілді”, – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Түренова.