Қалай судья болуға болады?
Жоғарғы сот кеңесінің мүшелері Қазақстанның барлық өңірлерінде заңгерлермен кездесулер өткізуді бастады. Бүгін олар Солтүстік Қазақстан облысында болды. Кездесу барысында жергілікті заңгерлерге судья болу жолдары, байқаудағы жаңашылдықтар және т.б. өзгерістер туралы айтылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Судья – сот төрелігін жүзеге асырушы, мойнына үлкен жауапкершілік жүктелетін тұлға, адамның тағдыры оның құзыретіне байланысты. Бүгінде Қазақстанда судьяларға деген қажеттілік 300-ге жуық адамды құрайды. Жұмыс ауыр және жауапты, деп атап өтті спикер. Мұндай жүкті кез келген адам көтере алмайды. Судья лауазымын иелену үшін үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын күрделі конкурстан өтуі керек.
«Өткен жылы мен судья лауазымына біліктілік емтиханын сәтті тапсырдым, ол бірнеше кезеңнен тұрады: психологиялық тестілеу, заңнаманы білу деңгейі жөніндегі тестілеу, эссе жазу, тест тапсырмалары, комиссиямен әңгімелесу, полиграф. Содан кейін Солтүстік Қазақстан облысының соттарында тағылымдамадан өттім, онда судьялық қызметке қажетті дағдыларды алдым. Қазіргі таңда судьялық қызметке конкурсқа қатысып жатырмын. Бұл кездесуде жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары біз үшін де, судьялыққа үміткерлер үшін де, біліктілік емтиханын тапсырғысы келетіндер үшін де пайдалы», – дейді Петропавл қалалық сотының бас маманы, судьялыққа кандидат Ольга Шангина.
Байқау кезіндегі өзгерістерге келсек, биыл шекті балл 80-нен 75-ке дейін төмендетілді. Егер бұрын конкурстың бір кезеңінен өте алмаған жағдайда үміткер басынан бастап емтихандарды қайта тапсыруға мәжбүр болса, биыл бұл процедура өзгертілді. Енді тек сәтсіз кезеңнен қайта тапсыру мүмкіндігі туындады. Өзгерістер қызметкерлердің біліктілік сапасына әсер етпейді.
«Әр кандидаттың заңнаманы теориялық білу деңгейін анықтау үшін 75 ұпай жеткілікті. 75 пен 80 балл арасындағы білім шегі жеткілікті деп анықталып, кандидаттардың жеткілікті саны судья болуға мүмкіндік ала бастады. Олардың барлығы да жұмысында кәсіби даярлығын, тәжірибелік дағдыларын, теориялық білімдерін жақсы жағынан көрсетті», – деп атап өтті Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі Олеся Цай.