Қазақстан жолдарында 200-ден астам өлшеу станциясы орнатылады
2026 жылдың соңына дейін Қазақстан жолдарында шамамен 220 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланып отыр, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің ресми сайтында хабарланғандай, Президенттің тапсырмасын орындау аясында Көлік министрлігі жолдарды салу сапасын арттыру және олардың пайдалану стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар әзірлеген.
Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына дейін еліміз бойынша шамамен 220 автоматтандырылған өлшеу станциясы (АӨС) орнатылады.
126 АӨС республикалық маңызы бар автожолдарға қойылады. Сонымен қатар, мұндай станциялар жергілікті жолдарда да орнатылады. Бұл жұмыстармен Көлік министрлігі мен өңірлік әкімдіктер айналысады.
«АӨС фото және бейне түсірілім жүргізіп, көліктің маркасы мен мемлекеттік тіркеу нөмірін, салмақтық және габариттік көрсеткіштерін, осьтік жүктемесін және жылдамдығын тіркейді.
Егер көліктің шамадан тыс жүктелгені анықталса, жүйе автоматты түрде фотофиксация жасап, ақпаратты көлік деректер базасының ақпараттық-талдамалық жүйесіне жібереді. Бұл Көлік комитетіне салмақ нормаларын бұзу фактілері бойынша жедел түрде ескерту жіберуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, қазіргі таңда елордаға кіреберісте 9 жаңа автоматтандырылған станция орнатылған. Жалпы ел бойынша АӨС саны 50-ден асады.