Қазақстанда өнеркәсіптік ипотека әзірлеу ұсынылды
Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова Қазақстанда әскерилерге арналған “Әскери баспана” бағдарламасына ұқсас өңдеу саласының қызметкерлері үшін өнеркәсіптік ипотека әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Кадрлардың кетуі мәселесін шешу және адамдардың өндірістерде одан әрі жұмыс істеуге қызығушылығын арттыру үшін депутат бизнеспен бірлесіп, өңдеу саласының қызметкерлері үшін жеңілдікті ипотека әзірлеуді ұсынады. Оның айтуынша, мұндай жеңілдікті бағдарламалар Татарстанда сәтті жүзеге асырылуда. Онда өнеркәсіптің үлесі 44% құрайды.
“Қазір банктер пайыздық мөлшерлемесі жылына 15,5-25% болатын ипотека ұсынады, бастапқы жарна – 10%-дан 50%-ға дейін. Сондай-ақ баспана бағасының 1 шаршы метрі – 300-720 мың теңге аралығында. Мысалы, құны 19 млн теңге болатын пәтерді, 10 жылға 25 пайыздық мөлшерлемемен ипотекаға алдық деп есептейік. Онда ай сайынғы төлем 341 мың теңге болуы мүмкін. Орташа айлық 415 мың теңге деп есептесек, онда сіз 10 жыл ішінде 26 млн теңгені артық төлейсіз. Қолжетімді ипотеканың балама нұсқасы бұрын “Отбасы Банкі” болған. Алайда, соңғы өзгерістерге байланысты салымшы өз жинақтарын үш ай, ал келесі жылдың ақпан айынан бастап алты ай пайдалана алмайды. Депозитті пайдалану мерзімі басталған кезде тұрғын үйдің құны өзгеріп отырады, ал осы уақыт ішінде салымшы тұрғын үйді жалға алуға мәжбүр болады”, – дейді депутат.
Жағдайды ретке келтірудің жолы жаңа өнеркәсіптік ипотека болуы мүмкін.
“Өңдеу өнеркәсібі саласына білікті кадрларды тарту үшін мыналар ұсынылады: өңдеу өнеркәсібі саласының жұмысшылары үшін яғни өнеркәсіптік ипотекалық бағдарламасын әзірлеу. Онда пайыздық ставка – 6%, баспананың құнына байланысты алғашқы жарна – 15%. Біз бағдарламаны әзірлеу кезінде шарттарды талқылауға дайынбыз. Бұдан басқа, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру және қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін «Отбасы банк» АҚ-на халықтың барлық санаты үшін нөлге тең бағалау көрсеткіші мәнімен аралық қарыз алудың бұрынғы шарттарын қайтаруды ұсынамыз”, – деді депутат.
Шүкіжанованың пікірінше, өңдеуші өнеркәсіптегі жұмысшыларға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама саладағы білікті кадларды сақтап қана қоймай, бұл жұмыстың беделін айтарлықтай арттырады. Жастар зауыттарда жұмыс істеуге ұмтылады.