Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстанда вандализмге қарсы петиция басталды

Қазақстанда вандализмге қарсы петиция басталды

“Kaz Alpine Сlub” бірлестігінің белсенділері жазаны қатаңдату және киелі нысандарды күзету талаптарымен вандализмге қарсы петиция бастады. Автор – Денис Лукянчуктың айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда вандализмнің 1200-ден астам фактісі тіркелген, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

“Ыбықты Сай шатқалы, Жұмбақтас жартастары, Тамғалы-Тас трассасы, Сарайшық елді мекені және басқа да көптеген нысандар бар. Осының бәрінен біржақты қорытынды жасауымыз керек. Меніңше, дабыл қағатын кез келді! Өйткені оның жарқын бір мысалы ретінде Жетісу өңірінде диорит өндіруді айтуға болады. Талдықорған төңірегіндегі 30-дан астам сақ қорғаны халық арасында «Тасбақа» деп аталатын трактқа жол салу үшін  қиратылған болатын. Сөйтіп, бұл ескерткіштер мәңгілікке жойылды. Құрып кету қаупі төнген Қазақстанның ұлттық мұрасы ғана емес, адамзаттың тарихи мұрасы. Бұл жағдайға ешкім бейжай қарамауы керек”, – делінген петицияның сипаттамасында.

Петиция авторы мынаны ұсынады:

  1. Киелі орындарда күзетті, бейнебақылауды қамтамасыз ету, қоршаулар орнату.
  2. Полицейлердің, экологтардың және өзге де мемлекеттік органдар мамандарының қатысуымен тұрақты көшпелі патрульдер ұйымдастыру.
  3. Тарих пен мәдениетті сақтаудың маңыздылығын көрнекі түрде көрсету, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
  4. Ескерткіштерді бүлдіргені үшін жазаны қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату. Қазір Қазақстанда 50-ден 160 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
  5. Әр азамат вандализм фактілері бойынша өтініш жібере алатын, фото және бейне дәлелдемелерді қоса алатын арнайы сайт жасау. Бұл өтініштер автоматты түрде құқық қорғау органдарына түсуі керек.

AMANAT партиясының “Жастар рухы” Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова қазақстандықтарды петицияны қолдауға және вандализмге қарсы күреске белсенді қатысуға шақырды.

“Біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің жойылуына себеп болуы мүмкін және белгілі бір дәрежеде ықпал жасаған вандализмнің өзекті мәселесін тек мемлекет тарапынан заң жобаларымен шешу мүмкін емес. Себебі тарихи-мәдени ескерткіштерге, объектілерге залал мен зиянды біздің отандастарымыз келтіріп отыр. Бұл петицияда көрініс тапты. Атаулы шаралар қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік сезімін және өз тарихын қастерлеп, оған ұқыпты қарауды оята алады.

Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарды, қоғамдық ұйымдарды, сондай-ақ әрбір азаматты вандализмге қарсы күреске белсенді қатысуға шақырамын”, – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Shares