ҚХА қабырғасында өткен облыстық семинарда этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыру талқыланды
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында Алматы қаласынан арнайы шақырылған сарапшылардың қатысуымен оқыту семинары өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Жиын этносаралық тұрақтылықты сақтау үшін этномәдени бірлестіктердің тиімді қызметіне арналды. Спикер Рустам Қайрыев медиа кеңістіктегі жұмыс үрдістері туралы айтып берді.
“Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер алдыңғы қатарға шыққанын бәріміз жақсы білеміз. Осы желілерде аудиториямен дұрыс қарым-қатынас жасау маңызды. Сондықтан бүгін біз практикаға назар аударамыз: адамдармен, блогерлермен, БАҚ-пен қалай сөйлесуіміз керек, ақпаратты қалай дұрыс беру керек. Мұның бәрі қоғам белсенділеріне ресми ақпаратты көшіруден арылуға көмектеседі. Яғни, бір жерде айтылғанды қайталамауға әкеледі. Бүгінде мұндай жандардың қоғамдық пікір көшбасшылары ретінде әртүрлі оқиғаларға өз бетінше баға беруі маңызды”, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев.
Семинарға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ облыстың жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
“Ассамблеяда мұндай семинар бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Бұл дәріс өз жемісін береді деп сенемін”, – деді “Ассамблея Жастары” РҚБ СҚОФ басшысы Дариға Смайылова.