ҚР Көлік министрі СҚО тұрғындарымен кездесті
Кітапхана қабырғасында өткен іс-шараға автомобиль жолдары, теміржол және су көлігі, азаматтық авиация, автомобиль көлігі комитеттерінің басшылары қатысты. Жүздесуде Марат Қарабаев жол-көлік саласына қатысты ашық әңгіме жүргізіп, ел аузындағы көптеген мәселеге тоқталды. Ол тілдесу барысында СҚО – өзінің жұмыс сапары тәмамдалатын 17-ші өңір екенін де айтты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Кездесу барысында облыс тұрғындары еліміздің оңтүстік өңірлеріне әуе рейстерін ашуға, Алматы-Екатеринбург бағытындағы республикалық маңызға ие жолдың Ғабит Мүсірепов ауданындағы учаскесін жөндеуге және Көкшетау-Омбы тас жолы арқылы облыстың карьерлерінен көрші мемлекетке қиыршық тас таситын автомобильдердің шамадан тыс жүк артпауына қатысты сұрақтар қойды.
Сонымен қатар, Петропавлдағы және аудандардағы автобус тасымалы мәселелері, жеке жолаушылар тасымалын дамыту мәселелері, сондай-ақ автобус жүргізушілерінің тапшылығы мәселесін шешуге ықпал ететін D санатындағы жүргізуші куәлігін алу талаптарын жеңілдету бойынша кәсіпкерлердің бастамасы талқыланды.
Жергілікті тұрғындармен кездесуден кейін Марат Қарабаев Солтүстік Қазақстан облысының негізгі көлік инфрақұрылымы объектілері саналатын – Петропавл теміржол вокзалының, облыс орталығының автовокзалының және “Қызыл-Жар” халықаралық әуежайының жұмысымен танысады.