Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев СҚО-ға жұмыс сапарымен келді

ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев СҚО-ға жұмыс сапарымен келді

ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келіп өңірдегі негізгі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандардың қызметімен танысты, деп хабарлайды QZ News.

«Петропавл электротехникалық зауыты» төрт жыл бұрын жұмысын бастаған болатын. Осы уақыт ішінде 10 мың трансформатор шығарылған. Биылғы жылға жоспар – 8 мың дана. Қазіргі уақытта зауыт 200 адамды тұрақты жалақымен қамтамасыз етіп отыр. Жақын арада кәсіпорын құрғақ трансформаторлар өндірісін игеруді жоспарлап отыр.

400 мың тонна майлы дақылды өңдейтін жаңа «Маслодел» май экстракциялық зауыты қарқынды дамып келеді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 34 млрд теңге, 220 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын ішкі нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтып отыр.

«ЗИКСТО» зауыты жылына 3 мың жолаушылар вагоны мен платформаларды құрастыру үшін роботтандырылған технологияларды енгізуде. Осы мақсатта жаңа өндірістік корпус салынып жатыр. Сондай-ақ жартылай вагондар, мұнай өнімдеріне арналған цистерна вагондар және автокөлік тасымалдауға арналған вагондар өндірісін жолға қою жоспарлануда.

«Еуразиан Милк» сүт зауыты өнім түрлерін кеңейтуде. Қазіргі таңда кәсіпорын ірімшік, сары май және қышқыл сүт өнімдерін шығарады. Жаңа бағыт ретінде қоюландырылған сүт өндіруге арналған желі орнатылуда. Кәсіпорынның дамуы нәтижесінде 200-ден астам жұмыс орны ашылды.

«Қызылжар су» ЖШС-нің су тазарту кешенінде Ермек Маржықпаевқа өңірдегі сумен қамту жобаларының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Қазіргі уақытта бірінші көтерілімдегі су айдау станциясы қайта жаңғыртылып жатыр. Еуропалық өндірістегі жаңа суасты сорғылары орнатылған. Станцияны қоршаған бөгетті күшейту үшін алғаш рет габион конструкциялары қолданылды – бұл көктемгі су тасқынына төтеп беруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар тұрақты электрмен жабдықтау үшін жерасты кабелі тартылды. Бұл шаралар облыс орталығын үздіксіз сумен қамтуға септігін тигізеді.

Сапар барысында өңірдің инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өнеркәсіптік әлеуетті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Shares