Роман Скляр Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге арналған үйлердің және жайлы мектептің құрылысын тексерді
Петропавлда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары 600 орындық жайлы мектеп құрылысымен танысты. Қазір мұнда кәріз, су, электр және жылу желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Роман Скляр жұмыс сапары аясында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа “Бірлік” шағын ауданында салынып жатқан үйлердің құрылыс барысын да тексерді.
Бүгінгі таңда 200 тұрғын үй пайдалануға берілді. Роман Склярға 700 үйдің құрылысын 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отырғаны айтылды. Жұмыс Kaspi, Қазақмыс және Kazminerals басқарушы компанияларының қаражатына жүргізілуде.
Роман Скляр сонымен қатар Петропавлдағы су тасқынынан зардап шеккен Ойқала мен Былғары кентінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Қазір облыста 70 мехбригада жұмылдырылған. 1000-нан астам үй жөнделіп жатыр, оның ішінде 250 үйді тұрғындар мехбригадалардың күшімен жөндеуге кірісті, 890 апатты ғимарат бұзылды. Бірінші вице-премьер құрылыс маусымының қысқа екенін ескере отырып, барлық қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетіп, сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.