Рухани даму: облыста “Құндылықтар қайнары” сабағы өтті
Ислам мәдениеті музейінде рухани дамудың маңыздылығына арналған “Құндылықтар қайнары” сабағы өтті. Шара экскурсиядан басталды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Дәріс қатысушыларына Алтын Орда кезеңінің басты жәдігерлері: түркітілдес қолжазбалар, басылымдар, қасиетті кітаптар және ислам құндылықтары туралы айтылды. Сонымен қатар, Орталық Азия мен Қазақстан аумағында мұсылман негіздерінің таралу тарихы таныстырылды.
“Осындай сабақтар өткізу үшін облыстық “Қызылжар” орталық мешітімен меморандум жасалды. Біз оқушыларға исламның құндылықтары – тәрбие туралы, үлкендерге құрмет туралы, дін және қазақ дәстүрлері туралы айтып береміз”, – дейді “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені бөлімінің басшысы Мұрат Әміржанов.
Музейде дәріс бесінші рет өткізіледі. Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуына ықпал ете отырып, білім және тәлімгерлікпен алмасу, айналысу алаңын құру.