Серік Мұхамедиев петропавлдықтарды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады
Халықаралық қарттар күні қарсаңында қалалық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Жиында зейнет жасына қарамастан қала мен облыс игілігі үшін еңбек етіп жүргендердің еңбегі еленді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Халықаралық қарттар күні дәстүрлі түрде 1 қазанда тойланады. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдері, өндіріс еңбеккерлері бұл күні қалалық мәдениет үйінің қабырғасына бас қосты. Азаматтар – бір кездері облысымыздың ғана емес, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдері.
«Аға ұрпақ өкілдері – дәстүрлер мен құндылықтар сабақтастығын жеткізушілер, ал олардың тәжірибесі – баға жетпес білім бұлағы. Ендеше, үлкендерге қол ұшын созу, құрметтеу, қадірлеу – баршамыздың қасиетті парызымыз. Қаламызда 44 мыңға жуық зейнеткер мен 10 мың мүгедек тұрады, оның 500-і – жалғызбасты. Оларды қамқорлықпен қоршап, өмір сүру сапасын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасау – өте маңызды», – дейді қала әкімі Серік Мұхамедиев.
Бұл күн марапатталғандар да болды. Түрлі саланың үздік өкілдеріне қала әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Солардың бірі – Анна Кейм. Зейнеткер өмірінің жартысынан астамында Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінде еңбек еткен. Ұйымның Ардагерлер кеңесі – Петропавлдағы ең ірісі, оның 2 мыңнан астам мүшесі бар. Қазір оның төрайымы Анна Анатольевна.
«Еңбек жолымды станция кезекшісі, станция бастығы болып бастадым. Содан кейін көлік бөлімінің жетекші маманы болдым. 3 жыл бұрын мені ардагерлер кеңесіне шақырды, келістім. Үйде қол қусырып отырғанша, адамдарға көмектесу керек деп ойладым. Баршаңызды Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын. Жастарға айтарым ата-әжелеріңізді бағалаңыздар, дендеріңіз сау, бақытты болыңыздар», – деп айтты Анна Кейм.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, зейнеткерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйланды.