Шымкентте 19 жастағы жігіт қызды өлтіріп, мәйітіне қорлық көрсеткені үшін сотталды
Шымкентте кәмелетке толмаған қызды өлтіріп, оның мәйітіне қорлық көрсеткен 19 жастағы жігітке сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды QZ News NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, сотталушы 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іске екінші фигурант ретінде тартылған, сотталушының танысы болған кәмелетке толмаған жасөспірім – қылмысты жасыру фактісі бойынша – 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда рақымшылық актісін ескере отырып, жаза мерзімі 1 жыл 4 айға қысқартылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Otyrar басылымының мәліметінше, қылмыс 2025 жылдың наурыз айында болған. 19 жастағы Т. есімді жігіт 17 жастағы қызбен 2024 жылдың көктемінде Instagram арқылы танысып, біраз уақыт кездесіп жүрген. Кейін екеуі сөзге келіп, 2025 жылғы 11 наурызда қыз оған хабарласып, қарым-қатынасты тоқтататынын айтып, әлеуметтік желілерде бұғаттап тастаған. Бұл жігіттің кек алуына себеп болған.
Т. қылмысқа алдын ала дайындалған: пышақ сатып алып, көлік жалдап, келесі күні қызды қала сыртына шығуға көндірген. Шымкенттің шетінде ол қыздың кеудесі мен арқасына бірнеше рет пышақ сұғып, өлтірген. Қыздың қаза тапқанына көз жеткізген соң, мәйітіне қорлық көрсеткен.
Ізін жасыру үшін Т. танысы С.-дан көмектесуін сұраған. Олар мәйітті қапқа салып, басқа жерге апарып тастаған.
Сотта жеңілдететін мән-жайлар ретінде Т.-ның кінәсін жартылай мойындауы, бұрын сотты болмағаны және жасы ескерілді. Ал С. өз кінәсін мойындап, өкініш білдірген, кәмелетке толмаған әрі 3-топтағы мүгедек болған.