Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Синоптиктер облыстағы су тасқыны кезінде Сергеев су қоймасындағы судың болжамды көлемін атады

Синоптиктер облыстағы су тасқыны кезінде Сергеев су қоймасындағы судың болжамды көлемін атады

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің шешімімен 24 қаңтардан бастап облыс су тасқынына жоғары дайындық режиміне ауысты. Бүгінгі таңда өңірде су басуы мүмкін 87 елді мекен есепке алынған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

СҚО ТЖД мәліметтері бойынша, қар белсенді ерігенге дейін өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Бұл – инертті материалдарды, техниканы, ЖЖМ қорларын дайындау және су өткізгіш құбырларды, арықтар мен арналарды тазарту.

“Өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, департамент су тасқыны қаупі бар учаскелерге алдын ала шоғырландыру үшін күштер мен құралдар топтамасын қалыптастырды. Департаменттің базасында халықты тасымалдау және эвакуациялау үшін 10 жоғары өтімді көлік, 6 батпақта жүретін көлік, 7 жүзу құралы, 82 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм бар”, – деді СҚО ТЖД алдын алу бөлімінің бас маманы Ернар Рүстем.

Қазір бейінді департаменттің қызметкерлері синоптиктермен бірге жұмыс істеуде.

“ТЖД-мен бірлесіп, жыраларда, шұңқырларда қосымша есептеу жүргіземіз. Өзен бассейндерінің су алаптарын бірлескен зерттеу деректері бойынша қар жамылғысындағы ылғал қоры өткен жылдың мәнінен 10-76%-ға (кей жерлерде 2 есе) асады. 10 ақпанда облыс бойынша қысқы кезеңдегі жауын-шашынның мөлшері 71 мен 218 мм аралығын құрады, бұл облыстың біраз аумағындағы орташа көпжылдық мәндерден 1,5 есеге (кей жерлерде 2,5 есе) артық. Топырақтың қату тереңдігі 150 см-ге жетеді, облыстың көлемді аумағына түскен қар жамылғысындағы су қоры 47-ден 147 см-ге дейін жетеді, бұл нормадан 1,5 есеге (кей жерлерде 2,5 есе), өткен жылдың мәнінен 1,5-2 есеге асады. Облыс бойынша қарда қалыңдығы 20 мм-ге дейінгі мұз қыртысы байқалады. СҚО бойынша 31 бақылау пункті 10 күн сайын қардың далалық түсірілімін жүргізеді. 15 ақпаннан бастап біз мұны әр 5 күн сайын жасаймыз”, – деді “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалы гидрометеорологиялық мониторинг бөлімінің басшысы Дәурен Қосшығұлов.

Қазгидромет өкілі 1 ақпанда жасалған алдын ала гидрологиялық болжам бойынша Сергеев су қоймасы арқылы өтетін ағынның көлемін атады. Күтелетін су – 1100–ден 1700 млн текше метрдің аралығы, ал норма – 1296 млн. Негізгі гидрологиялық болжам 5 наурызға дайын жарияланады. 1 наурыздан бастап синоптиктер күн сайын гидрологиялық бюллетень шығармақ.

Shares