СКО-да кімдерге МӘМС аясында тегін стоматологиялық қызмет көрсетіледі?
Солтүстік Қазақстан облысында белгілі бір санаттағы азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында стоматологиялық көмек ала алады. Бұл жөнінде СҚО бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Айнагүл Дәулетчина түсіндірме берді, деп хабарлайды QZ News.
Жоспарлы стоматологиялық көмекке келесі азаматтар құқылы:
– Балалар мен жүкті әйелдер.
Бұл қызметтерге:
– тұрақты тексерістер мен профилактикалық шаралар,
– кариесті емдеу,
– тістерді қарапайым және күрделі жұлу,
– химиялық қатайтылатын композиттік материалдармен пломба қою кіреді.
Шұғыл стоматологиялық көмек кең ауқымды азаматтарға көрсетіледі. Олар:
- 18 жасқа дейінгі балалар;
- Жүкті әйелдер;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- 1, 2, 3-топ мүгедектері;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері көпбалалы аналар;
- Атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Жасы бойынша зейнеткерлер;
- Жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар және қоршаған орта үшін қауіпті аурулармен ауыратындар;
- Бала мүгедегіне немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар.
Шұғыл стоматологиялық көмекке кіретін қызметтер:
Күрделі кариес, пульпит, периодонтит, альвеолит, невралгия, неврит, жедел стоматит түрлерін емдеу;
- Күрделі тісті жұлу;
- Іріңдікті жарып ашу;
- Одонтогендік кистаны алып тастау;
- Жақ буынының шығуын орнына салу;
- Тістерді уақытша шиналау;
- Ісік және эпулис сияқты қатерсіз түзілістерді жою;
- Ерін мен тілдің қысқа желбезегіне пластикалық операция жасау.
МӘМС аясында ортодонтиялық көмек те қарастырылған. Өткен жылы өңір тұрғындарына жалпы 940 мың теңгеге 183 қызмет көрсетілсе, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш — 519 мың теңгеге 87 қызметті құрады. Қазіргі уақытта СҚО-да 6 мен 12 жас аралығындағы тіс-жақ аномалиясы бар аз қамтылған отбасылардан шыққан 93 бала ортодонтиялық көмекке жүгіне алады.
Өңірде МӘМС бойынша стоматологиялық қызмет көрсететін 24 медициналық мекеме бар: оның 5-еуі жекеменшік, 19-ы мемлекеттік.