Солтүстік Қазақстан облысында «Мектепке жол»: 1000-нан астам балаға 45,2 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді
1 тамызда «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Оның басты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарындағы оқушыларға материалдық қолдау көрсету және балалардың әлеуметтік себептерге байланысты сабаққа бармауының алдын алу, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында аз қамтылған отбасында тұратын 11 мыңнан астам бала бар. Биылғы жылы «Жаппай оқыту» қорын жүзеге асыруға облыстық бюджетте бір жарым миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Өткен жылдағыдай көмек көрсету процесі монетизацияланған.
«Ата-ананың карточкалық шотына 40 567 теңге қаражат аударылады. Бұл балаларға мектепке қажетті заттарды өздері сатып ала алады деген сөз. Қазірдің өзінде 1113 балаға 45,2 млн теңге көлемінде төлем жасалды», – деді білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушылары, яғни, 39 мыңға жуық бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдарға баратын халықтың әлеуметтік осал топтарындағы 1172 бала да тегін тамақтанады.