СҚО басты назарда: «Баян» мен «Сырымбет» кен орындарының жобалары AMM тау-кен металлургия конгресінде талқыланды
Астанада Қазақстанның тау-кен өндіріс саласы үшін маңызды іс-шара — AMM 15-ші Халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Бұл жиын жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 2000-нан астам салалық көшбасшыларды жинайды, деп хабарлайды QZ News.
Конгресс аясындағы мазмұнды бағдарлама іскерлік сессиялардан, стратегиялық талқылаулардан, сарапшылар пікірталастарынан және саланың жетекші компаниялары өкілдерімен байланыс орнатуға арналған мүмкіндіктерден тұрады. Сонымен қатар пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеуге арналған жабдықтар мен технологияларға арналған арнайы көрме де ұйымдастырылған. Бұл көрмеге еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылары қатысуда.
«Конгресс барысында Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылуда. Іскерлік бағдарламаға “Баян” вольфрам кен орнын және “Сырымбет” қалайы кен орнын игеріп жатқан ERG және Solidcore Resources компаниялары белсенді қатысуда», – деп хабарлады СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.
«Сырымбет» кен орнын игеру жобасы стратегиялық панельдік сессияда – маңызды металдарға арналған талқылауда ұсынылды. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында 1500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, өңір экономикасына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр.