СҚО-да 14 жол апаты мас жүргізушілердің кесірінен болған
Қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күн сайын түрлі себеппен көптеген көлікті тоқтатады. Сондай бір оқиға өткен аптада болды. Петропавлдың солтүстік бөлігін патрульдеген тәртіп сақшылары «Лифан» көлігін тоқтатады. Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушіден алкогольдік мастық белгілерін байқаған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Медициналық сараптаманың қорытындысы полицияның теориясын растады. Жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының санкциясына сәйкес, 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айрылды.
«Облыста 8 тамыз бен 13 тамыз аралығында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Іс-шараның алғашқы күндерінде біз 700-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзуды анықтадық: көлік құралдарын мас күйінде басқарған 15 жүргізуші ұсталды, көлік құралдарын басқару құқығынан бұрын айрыла тұра рөлге қайта отырудың 2 фактісі, сондай-ақ жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдаудың 2 фактісі тіркелді. Көлік жүргізушілерін жолда қырағы болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз көлігіңізді басқарған кезде сіз өзіңіздің өміріңіз үшін ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапты екеніңізді есте сақтауға шақырамыз», – деді Солтүстік Қазақстан облысы ДП жергілікті полиция қызметінің бастығының орынбасары Григорий Тыш.
Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында жыл басынан бері 646 мас жүргізуші ұсталды. 7 ай ішінде олардың кесірінен 14 оқиға тіркеліп, нәтижесінде 4 адам қаза тауып, 20 адам зардап шекті. Жалпы, жыл басынан бері облыста 184 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 22 адам қаза тауып, 266 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.