Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да 58 жастағы жүргізуші жылқыны қағып кетті

СҚО-да 58 жастағы жүргізуші жылқыны қағып кетті

Тайынша ауданында түнгі уақытта Lada Granta автокөлігі жылқыны соғып кетті. Оқиға Көкшетау – Омбы автожолының 50-шақырымында 03:30 шамасында болған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Көлікті жүргізген Ақжар ауданының 58 жастағы тұрғынының айтуынша, Аймақ ауылынан 5 шақырым жерде жол үстіне кенеттен бір табын жылқы шыға келген. Ер адам көлікті тоқтатуға тырысқанымен, жылқыны соғып кеткен. Көлікке механикалық зақым келген. Жүргізуші зардап шеккен жоқ, ал аман қалған жылқы орнынан тұрып, ары қарай шауып кетті.

“Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бақташыны немесе табын иесін анықтап жатыр. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылатын болады. Мал жаю қағидаларын бұзу жол-көлік оқиғаларына алып келуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн”, – дейді аудандық ПБ бастығы Нұрлыжан Ақтанов.

СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, тәртіп сақшылары 11 айда ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 3440-тан астам хаттама толтырған. Сондай-ақ тәртіп сақшылары Солтүстік Қазақстан облысының автожолдарында еліктердің көбеюіне байланысты жүргізушілерді сақ болуға шақырады.

 

Shares