СҚО-да әскерден қашан жігіттер 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Петропавлдық екі әскерге шақырылушы бүкіл елге танымал болды. 2003 және 2004 жылы туған әскерге шақырылушылар 27 сәуір күні қызмет өткеру орнына жөнелту кезінде Самара – Қарағанды пойызынан қашып кетті. Олар облыс орталығынан Қарағанды облысындағы 85510 әскери бөліміне баруы керек еді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Петропавл гарнизонының әскери прокуроры Мейіржан Қасымжанов атап өткендей, бұл фактіні Ақмола өңірлік әскери полиция басқармасы ҚР ҚК 441-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы белгілері бойынша сотқа дейін тергеп-тексеруде. Яғни қызмет орнын өз бетінше қалдыру, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеуі бойынша жұмыс басталды.
“”Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңға сәйкес азамат облыстың жергілікті әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан кезден бастап әскери қызметке шақырылды деп есептеледі. Әскери қызметші қызмет орнына барған және кері қайтқан кезде әскери қызмет міндеттерін атқарушы болып саналады”, – деді Мейіржан Қасымжанов.
Қашқан жігіттерді іздеу жалғасуда. Олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.