СҚО-да агрокәсіпкер 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған
Солтүстік Қазақстан облысының ҚМА ұрлық схемасын анықтады. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған, деп хабарлайды QZ News.
Өндірістік кооперативтің басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейін жалған құжаттарды пайдалана отырып, мемлекеттің сүт өнімдерін қайта өңдеу үшін бөлінген 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған.
Шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алу туралы және май өндіру бойынша жалған мәліметтер көрсетілген жалған құжаттар ұсынылған.
«Нәтижесінде сот сүт жеткізу келісім-шарттарын заңсыз деп таныды. Қаржылық тергеу барысында заңсыз алынған субсидиялармен күдікті «TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150» маркалы көлік сатып алғаны анықталды, ол мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғаға рәсімделген. Соттың санкциясымен аталған көлікке тыйым салынды. Күдіктіге қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Барлық ақпарат, ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», – делінген ҚР ҚМА хабарламасында.