СҚО-да алғашқы сенбілік өтті
Жан-жаққа жайылған қызыл су тартылып келеді, осыған орай облыста алғашқы көктемгі сенбілік өтті. Бірінші кезекте ол Петропавлдың басты көшелерін қамтыды. Экологиялық акцияға қала әкімдігінің 130-ға жуық қызметкері қатысты. Мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, еріктілер және облыс орталығының басқа да тұрғындары белсенділік танытты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Бүгін сенбілікке шыққандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Петропавл қаласында көптеген үйді су басты, қала үшін көптеген проблема мен қиыншылық әкелген апат болды. Бірақ, ауа-райы керемет, көктем келді. Біз қаланы бірге таза ұстауымыз керек. Бізде үш айлық жарияланды. Үш ай ішінде қаланы толық қамтуға, тазалық пен тәртіп орнатуға тырысамыз. Біздің азаматтардың қолдауына үміттенемін. Бүгін үлкен жұмыс атқарылды деп ойлаймын”, – деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Үлкен су келгеннен кейін Пестрое көлінің жағалауы өзінің жинақы көрінісін жоғалтты. Қазір су тартылды, қоқыс қалды. Қала әкімдігінің 40-қа жуық қызметкері жағалау аймағын тазалады. Пәтер иелері, сондай-ақ жеке меншік иелері де өз аулаларында тәртіп орнатты. Облыстың түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлер де сенбілікке қосылды. Олар қызметкерлермен бірге жеке нысандар маңындағы аумақтарды тазартты.