СҚО-да «АМАNАТ» партиясы бастауыш партия ұйымдарының жұмысы қорытындыланды
Петропавлда «АМАNАТ» партиясы бастауыш партия ұйымдарының I өңірлік форумы өтті. Келелі жиында өткен жыл қорытындыланып, болашаққа жоспар құрылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Бастауыш партия ұйымдары – партияның негізгі күші» деген атаумен өткен форумға 100-ге жуық азамат қатысты. Олардың арасында өңірдің түкпір-түкпірінен келген ең белсенді жетекшілер жиналды.
Жалпы бүгінде облыста 244 басауыш партия ұйымы бар. Оған 28,5 мың адам мүшелік етеді. Олар қайырымдылық акцияларын белсенді өткізіп, тұрғындардың мәселелеріне терең үңіледі. Сондай-ақ, партиялық жобаларды іске асырады. Мәселен, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 мың ауыл тұрғынына бизнесті дамыту үшін 1,8 миллиард теңге бөлінді. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 734 адам қаржылық сауатын арттырды. Биыл 4500 адамды оқыту жоспарланып отыр.
«Бүгінде 16 партиялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» партиялық жобалары аясында 60 мыңға жуық тұрғынын қамтитын 3 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, қоғамдық қабылдаудың жұмысын да ерекше атап өтуге болады. Жыл басынан бері 1243 өтініш келіп түсті. Оның 52% – ы оң шешілді. 2023 жылы 17 мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 178 ауыл тұрғыны қабылданды»,- деді «АМАNАТ» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Форумда бастауыш партия ұйымдарымен сайлауалды бағдарламаның іске асырылуы ерекше күшейтілді. Ол үшін облыстың барлық салынып жатқан нысандарында 99 партиялық бақылау бекеті құрылды.
Форум соңында бірқатар БПҰ басшылары мен партия белсенділері алғыс хаттармен марапатталды.