Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді

СҚО-да ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді

Қарашаның әр үшінші жексенбісінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аграршыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, тиісті марапаттарды табыс етті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 1988 жылдан бастап атап өтілуде. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде дәстүрді жалғап, 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін мереке күні ретінде заңнамалық деңгейде бекітті.

Солтүстік Қазақстан – аграрлы өңір. Облыста 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы бар, салада 90 мың адам жұмыспен қамтылған. Биыл қиындықтарға қарамастан, диқандарымыз жақсы өнім алып, астықты қамбаға басты. Соңғы үлгідегі технологиялар қолданылып, жоғары өнімді техника алынуда. Облыс бойынша заманауи сүт кешендері, құс фабрикалары және қайта өңдеу кәсіпорындары ашылуда.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі оң өзгерістер ауыл тұрғындарының қажырлы еңбегімен тікелей байланысты.

«Аграрлық саланың өркендеуіне елеулі үлесін қосып жатқан ауыл еңбеккерлеріне ризашылығымды білдіремін. Сіздер еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келесіздер. Ауыл шаруашылығы саласының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отыра, отбасыларыңызға береке мен молшылық тілеймін. Келер жыл табысты әрі өнімді болсын!», – деді өңір басшысы.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін концерттік бағдарлама дайындалды. Оған өңірдің үздік шығармашылық ұжымдары қатысты.

Shares