СҚО-да онкологияны емдеуге арналған инновациялық аппарат іске қосылды
Солтүстік Қазақстан облысында онкологиялық орталықта онкологиялық ауруларды емдеуге арналған инновациялық желілік үдеткіш іске қосылды, деп хабарлайды QZ News.
Бұл өңірде орнатылған алғашқы осындай аппарат. Жоба «Қазақстан халқына» қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен қордың төрайымы Ләззат Шыңғысбаевамен жаңа заманауи құрылғының мүмкіндіктерімен танысты.
«Бұған дейін тұрғындарымыз сәулелік терапия алу үшін басқа өңірлерге баруға мәжбүр болса, енді жоғары технологиялы медициналық көмек өзімізде қолжетімді болды. Halcyon желілік үдеткіші мен жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған соңғы буындағы арнайы компьютерлік томограф сәулелену дозасын дәл есептеуге, ісіктің шекарасын анықтауға және сәулені дәл зақымданған жасушаларға бағыттап, сау тіндерді зақымдамауға мүмкіндік береді. Бұл — онкологияны емдеудің сапасын жаңа деңгейге көтеретін қадам әрі мыңдаған науқас үшін сауығуға деген үлкен үміт», – деп жазды өңір басшысы.