СҚО-да су басу қаупіне байланысты 22 ауыл тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді
29 наурыз күні СҚО Ақжар ауданындағы Шат өзенінде су деңгейі көтерілді. Осыған байланысты Талшық ауылының шетіндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
СҚО ТЖД, полиция бөлімінің және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 6 үйден 22 тұрғын жедел эвакуацияланды. Оның ішінде 5 бала ауылдық мектеп-интернат базасындағы эвакопунктке және туыстарына орналастырылды. 21 мал қауіпсіз жерге айдалды.
“Түні бойы жүргізілген инженерлік жұмыстардың нәтижесінде мұз кептелісі жойылды, елдімекенге қауіп жойылды. Эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне қайтты. Медициналық көмек ешкімге қажет болмады. Бұл шараға 20 адам және 10 техника жұмылдырылды. Өзен арнасы арқылы судың өту мониторингі тәулік бойы жүзеге асырылады”, – деп хабарлады СҚО ТЖД.