СҚО-да судан алынған 21 сынама санитарлық нормаларға сәйкес келмеді
Су тасқыны кезеңінде облыстың санитарлық дәрігерлері аймақ тұрғындары пайдаланатын судың сапасын тексеру жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Облыс бойынша 108 су құбыры бақылауда тұр. Біреуі “Қызылжар су” ЖШС тиесілі, “Есіл су” РМК қарасты 5 топтық су құбыры бар, ауылдарда – 102 ұңғыма. Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу шеңберінде 26 наурыздан бастап мамандармен 595 су сынамасы алынды. Оның ішінде 451 сынама оң, яғни санитарлық нормаларға сәйкес келді. 25 сынама жарамсыз болып шықты. Оның 21-і санитарлық-эпидемиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді, 4-де жалпы микробтық сан асып кетті”, – деді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Аталған теріс жағдайлардың әрқайсысы бойынша дезинфекция жүргізілді, зертханалық зерттеулер үшін қосымша су алынды.