СҚО-да Түркістан облысының құтқарушысы қайтыс болды
2024 жылғы 2 сәуірге қараған түні Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Тайынша қаласында орналасқан аудандық аурухананың реанимация бөлімшесінде Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайран аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Қуанышұлы Балданов қайтыс болды. Марқұм 1978 жылы туған. Бұл туралы СҚО ТЖД баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Бекжан Балданов Тайынша қаласына 1 сәуір күні Түркістан облысының күштері мен құралдары тобының құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларға көмек көрсету үшін келді. Сол күні кешке өзін нашар сезінген. Шағымдардан кейін ауруханаға түсті. Ер адам Петропавл қаласындағы ауруханаға санавиация арқылы жеткізуге дайындалып жатты”,- делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Төтенше жағдайлар министрлігі, Төтенше жағдайлар департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі командирдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, әріптестеріне көңіл айтады.