СҚО-да жанжалқой 300-ге жуық адам қамалған
Солтүстік Қазақстан облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 300-ге жуық адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Солтүстікқазақстандық полицейлер жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1400-ден астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған.
1 шілдеден бастап жанжалқойларға жаза қатаңдатылды. Бұдан былай полиция қызметкерлері тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің әшкерелеу сипатында жұмыс істейді. Яғни, енді тәртіп сақшылары әрекетке кірісу үшін арыз жазудың қажеті жоқ. Мамандар азаматтардың ауызша өтініші бойынша шара қабылдай бермек.
«№8 учаскелік полиция пунктіне Уәлиханов көшесіндегі жатақханалардың бірінде тұратын 76 жастағы тұрғын қоңырау шалды. Қарт әйелдің айтуынша, оның 52 жастағы ұлы ішімдік ішіп, үйінде бірнеше рет жанжал шығарған. Нәтижесінде ер адамға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттер, сот үкімін орындамау, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ер адам қоғамдық орынға мас күйде келгені үшін 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және айыппұл төлеу туралы үкім шығарылды», – деп хабарлады полиция қызметкерлері.
Сондай-ақ сот тараптардың татуласу мүмкіндігін жойды. Тәжірибе көрсеткендей, отбасылық жанжал фактісі бойынша әкімшілік материалдардың жартысына жуығы татуласуға немесе жәбірленушінің кешіруіне байланысты сотта тоқтатылды. Енді бір-ақ рет татуласуға болады. Оның өзі сот арқылы жүзеге асады.
«Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді», – дейді СҚО ЖПҚБ бастығының м.а. Александр Розбах.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты барлық мәселелер бойынша солтүстікқазақстандықтар өздерінің учаскелік инспекторларына, 150 республикалық байланыс орталығына, Әйелдерді қолдау орталығына +7-777-504-77-73 немесе 102 арнасына хабарласа алады.