СҚО-да жел мен боранның салдарынан ауылдар жарықсыз қалды
26 желтоқсан күні Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қатты жел мен боран болып, бірқатар ауданда тағы да жарық сөнді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
26 желтоқсан күні “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ мамандары облыс аудандарындағы жабдықтар мен желілерде технологиялық бұзушылықтар тіркеді. Жауған жұмсақ қар мен қатты жел электр желілерінің үзілуіне әкелді. Апаттық бригадалар зақымдануды тексеріп, жөндеуге кірісті. Жұмысты қарлы боран мен қараңғы уақыт едәуір қиындатты.
“Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ 8 ауданға қызмет көрсетеді. 27 желтоқсанның таңындағы жағдай бойынша 91 ауылдағы 19 756 тұтынушының 8 999-ы жарықсыз отыр. Электрмен жабдықтауды қайта қалпына келтіру жұмыстарына 170 адамнан тұратын 65 бригада жұмылдырылды. Қазіргі жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз, электр желісі компаниясының күшейтілген жұмыс режимі сақталады”, – делінген хабарламада.