СҚО-ғы “Солнечный дом” қоры Астанада өтетін фестивальге бару үшін қаржы жинауда
“Солнечный дом” қоғамдық қорының 9 шәкірті Астанада өтетін “Солнце светит всем одинаково” фестиваліне барады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Фестиваль осы күнге орайластырылған. Іс-шара “Астана Опера” сахнасында өтеді. Оған еліміздің түрлі облыстарынан баратын ерекше ұл-қыздар қатысады.
Қатысушылардың арасында СҚО-ғы “Солнечный дом” қорының ерекше балалары да бар. Бірақ сапарға қаржы қажет. Қор өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында сапарға қаражат бөлетін демеуші қажеттігі жөнінде ақпарат жариялады.
“Бізге қонақүйде екі күн тұруға, сондай-ақ баруға және келуге қаражат қажет. Біз пойызбен барамыз, бұл жағдайда бір адамға 9 мың керек. 1 сәуірде соңғы репетиция өтеді, фестивальдің 2-ші күні біздің балалар “Куклы народов мира” би нөмірін ұсынады. Байқауға жұмыстар алдын ала жіберілді, қазылар алқасы іріктеу жүргізді, мен тілек білдірушілердің көп екенін білемін. Бұл – қордың 8 жылдағы алғашқы сапары, балалар оны асыға күтіп отыр”, – деді “Солнечный дом” қоғамдық қорының құрылтайшысы Татьяна Делль.