Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-лық терапевт-дәрігер Азамат Мағзұмовқа “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері” атағы берілді

СҚО-лық терапевт-дәрігер Азамат Мағзұмовқа “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері” атағы берілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Ол іс-шараға қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл жиынның медицина қызметкерлері күніне орай Ақордада алғаш рет өтіп жатқанының ерекше маңызын атап өтті, деп хабарлайды QZ News.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақ дәрігерлері әрдайым ел мүддесін бәрінен биік қойған. Мемлекет басшысы халқымыздың игілігі мен ел тәуелсіздігі жолында еңбек еткен көрнекті тұлғалар – дәрігер Халел Досмұхамедұлы мен Санжар Асфендияровты мысалға келтірді.

– Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әрбір маманның еңбегінің бағасы өлшеусіз. Ел ішінде тұтас медициналық әулеттер қалыптасты. Олар өмірін халық денсаулығын нығайтуға арнады. Қазіргі таңда ұлттық денсаулық сақтау жүйесі сенімді түрде алға жылжып келеді. Бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды. Соңғы бес жылда 800-ге жуық емхана мен аурухана салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Мемлекет инфрақұрылымды одан әрі дамытады. Ұлт саулығына қамқорлық алғашқы медициналық көмектен басталады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы дәрігерлердің еңбегі ең жоғары марапатқа лайық екенін атап өтіп, медицина саласының қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты.

Президент Жарлығымен отандық медицинаның дамуына қосқан зор үлесі мен азаматтардың денсаулығын қорғау жолындағы табанды еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкері марапатталды. Олардың қатарында – СҚО Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Көпсалалы облыстық аурухананың» терапевт-дәрігері Азамат Белгібайұлы Мағзұмов бар.

Азамат Мағзұмов денсаулық сақтау саласына 20 жылдан астам уақытын арнаған. Ол бірнеше рет мемлекеттік наградалармен марапатталған. Атап айтқанда, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі (1989 ж.), ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Шапағат» медалі (2011 ж.), «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (2014 ж.), «Еңбек ардагері» медалі (2019 ж.) және басқа да марапаттарға ие.

Shares