СҚО-ның рестораторлар мен қонақ үйдер қауымдастығы Еңбек министрлігіне Қазақстанда қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерінің күнін бекітуді ұсынды
Солтүстік Қазақстан облысының рестораторлар мен қонақ үйлер қауымдастығы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне кәсіби мерекелер тізбесіне Аспаздар күнін немесе Қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерінің күнін енгізу туралы ұсыныс жолдады. Ұсынылған күн – 20 қазан, деп хабарлайды QZ News.
Аспаздар күні – 2004 жылы Бас-аспаздар қауымдастықтарының дүниежүзілік ұйымының бастамасымен белгіленген халықаралық дата. Алайда, Қазақстанның кәсіби және өзге де мерекелер күнтізбесінде бұл дата жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында СҚО-ның рестораторлар мен қонақ үйлер қауымдастығы Еңбек министрлігіне Аспаздар күнін немесе Қоғамдық тамақтану қызметкерлерінің күнін ресми мерекелер қатарына қосу туралы ұсыныс білдірді.
«Аспаздар күнін кәсіби мерекелер күнтізбесіне енгізу – бұл мамандықтың беделін арттыруға, осы салада еңбек ететін он мыңдаған мамандардың – аспаз, технолог, наубайшы, кондитер, кәуапшы, дәмхана мен мейрамхана қызметкерлері, сондай-ақ бармендер мен даяшылардың еңбегін мойындауға үлкен мүмкіндік болар еді. Бұл мереке сонымен қатар әлеуметтік мекемелер, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары жанындағы асханаларда жұмыс істейтін мыңдаған қызметкерге де қатысты болмақ», – делінген қауымдастық хатында.
Қауымдастықтың атқарушы директоры Андрей Фроловтың айтуынша, мұндай ұсыныс бұған дейін де айтылған. Мәселен, жыл сайын 20 қазанда – Халықаралық аспаздар күні қарсаңында СҚО-дағы қауымдастық арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, үздік аспаздар мен қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерін құттықтау үшін тиісті мемлекеттік органдарды шақырады.
«Көп адам мұндай мерекенің бар екенін біле бермейді. Біз үшін тек мейрамхана мен дәмханадағы аспаздарды емес, сонымен қатар мектептерде, балабақшаларда, ауруханалар мен интернаттарда жұмыс істейтін мамандарды да назардан тыс қалдырмау маңызды. Себебі бұл мамандар үлкен жауапкершілікті арқалап жүр. Сол себепті оларды қолдап, атап өтуіміз керек», – деді Фролов.
Министрліктен жауап үш апта ішінде келіп түсті. СҚО-ның рестораторлар мен қонақ үйлер қауымдастығының бастамасы қолдау тапты. Екі ведомстводан – ҚР Сауда және интеграция министрлігінен, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ресми жауап келді.
«Сауда комитеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №334 бұйрығына сәйкес, Аспаздар күнін немесе Қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерінің күнін кәсіби мерекелер тізбесіне енгізу туралы ұсыныс хат жолдады», – делінген ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің ресми хатында.
«ҚР Сауда және интеграция министрлігі атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерінің күнін кәсіби мерекелер тізіміне енгізу ұсынылды. Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №258 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасы әзірленіп, ішкі келісу рәсімінен өтіп жатыр. Кейін бұл жоба «Ашық НҚА» порталында көпшілік талқылауға шығарылады. Сонымен қатар, Қоғамдық тамақтану саласы қызметкерлерінің күні осы бұйрық жобасына енгізілген», – делінген министрлік жауабында.
СҚО-ның рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы биыл 20 қазан – Аспаздар күні немесе Қоғамдық тамақтану қызметкерлерінің күні ҚР кәсіби мерекелер күнтізбесіне ресми түрде енгізіледі деп сенеді.
Мұндай мерекені енгізу қоғамдық тамақтану саласындағы мамандықтардың беделін арттыруға, жастарды осы салаға тартуға, саланың өңірлік және ұлттық деңгейде дамуына оң әсер етеді және ең бастысы – аспаз мамандығының қиын да маңызды еңбегіне лайықты құрмет көрсетеді деп күтілуде.