СҚО полицейі өзі құтқарған қариялардың халін біліп тұрады
Полицияның аға лейтенанты, учаскелік инспектордың көмекшісі Ақыл Байтеңізов 2024 жылғы жаппай су тасқыны кезінде құтқарып қалған Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылында тұратын қарт ерлі-зайыптының хал-ахуалын біліп тұрады, деп хабарлайды QZ News.
Сол кезде Ақыл Байтеңізов су деңгейі күрт көтерілген сәтте үлкен ерлік жасап, егде жастағы тұрғындарды үйінен алып шыққан болатын.
«Ерлігі ел есінде» акциясы аясында өткен кездесуде зейнеткерлер оны туған баласындай қарсы алды. Олар сол күнгі жағдайды әлі күнге дейін тебіреніспен еске алады.
«Ақыл — нағыз батыр, — дейді қариялар. Су кірген кезде есік ашылмай қалды. Ол бізбен бірге арнайы киімсіз-ақ су кешіп жүріп, бізді құтқарып қалды».
Су тасқыны кезінде Прибрежное ауылы шағын аралға айналған шақта Ақыл Байтеңізов ауылда қалып, тұрғындармен бірге тәртіпті қадағалап, бос қалған үйлерді тонаудан қорғаған. Қауіпті сәттегі батылдығы үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Полицей зейнеткерлер ескі үйлері бұзылып, жаңа баспанаға көшіп жатқанда да жиі келіп, жағдайларын біліп отырған.