СҚО полицейлері қасқырлардың шабуылы туралы ақпарды жоққа шығарды
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар бірнеше апта бойы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында көп қасқыр пайда болғандығы туралы ақпармен бөлісуде. Деректердің біріне сүйенсек, аудандардың бірінде жануар тіпті адамға шабуыл жасаған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
СҚО департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қасқырдың адамдарға шапқаны туралы ақпарат жалған.
«СҚО ПД кезекші бөлімінің «102» арнасына қасқырдың адамдарға шапқаны туралы ақпарат түскен жоқ», – делінген СҚО Полиция департаментінің хабарламасында.
СҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Олег Беспалов та өңірде қасқырдың таралуына қатысты пікірін білдірді.
«Инспекциядағы жабайы жануарларды есепке алу туралы ақпаратқа сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қасқыр тұрақты мекендемейді. Бұл облыс аумағын егістік алқаптары үшін қарқынды пайдаланумен байланысты деп ойлаймыз, себебі бұл қасқырдың қорегіне әсер етті. Облыс аумағы орманды-дала болып табылады, орманды алқап шамамен 5% құрайды, бұл қасқырдың тіршілік ету ортасына лайық емес»,- деді Олег Беспалов.
Бейінді инспекцияға қарасты бөлім басшысының айтуынша, өңірге көршілес жатқан Ақмола және Қостанай облыстарынан, сондай-ақ Ресей Федерациясынан қасқырдың келуінің бірнеше жағдайы болды. Алайда, қорек болмай, алқаптар жақсы қорғалатындықтан олар облыс аумағында қалмайды, деп сөзін аяқтады Олег Баспалов.