СҚО полициясы студенттерді адам саудасына қатысты қылмыстар туралы ескертуде
Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу – СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің басты мақсаты. Олар полицияның өзге бөлімшелерімен бірге «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасына қатысуда, деп хабарлайды QZ News.
ҰҚҚБ қызметкерлері колледж студенттерімен кездесіп, адамды қанаудың түрлері туралы айтып, қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үйретуде. Адам саудасына жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, қарызға батыру, мәжбүрлі неке, қайыр сұрату, ағзаларды сату секілді әрекеттер жатады.
Көп жағдайда қылмыскерлер интернет арқылы жалған жоғары жалақы ұсынатын бос орындар, оқуға гранттар, үйленуге ұсыныстар, жалған жұмысқа орналастыру агенттіктері немесе модельдік агенттіктер арқылы құрбан тартуға тырысады. Барлық қауіпті жағдайлар нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Ұсынылған жұмыс орындарын, ықтимал жұмыс берушінің беделін мұқият тексеру қажет. Әлеуметтік желілерде жеке деректермен бөлісуге болмайды — олар бопсалау үшін қолданылуы мүмкін. Сапар барысында ешкімге төлқұжатыңызды беруге болмайды, жеке құжаттар әрдайым өзіңізде болуы тиіс.
Адам саудасы туралы мәліметті 116-16 сенім телефонына немесе «102» арнасына хабарлап айтуға болады.