Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО су тасқыны салдарынан 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды

СҚО су тасқыны салдарынан 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды

СҚО бойынша ТЖД 12:00-дегі мәліметі бойынша, облыста 1600-ден астам үйді су басқан. 7354 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Сергеев су қоймасында ернеуінен асқан судың деңгейі 2 метр 95 см-ге дейін төмендеді, деп хабарлайды QZ Media.

«Пестрое көлінің маңында тұратын азаматтарды эвакуациялау шаралары жүргізілуде. Бұл маңда су деңгейі көтеріліп, тасқын жолды шайып кетті. Тасқын аумағы көпірден «Оңтүстік» өткізу пунктіне дейінгі жерді құрайды.Борки ауылында да тұрғын үйлерді су басып, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Осыдан бір тәуліктен астам уақыт бұрын Ольшанка, Вишневка, Большая малышка, Соколовка ауылдарының тұрғындарын эвакуациялау басталды. Ол жақтарға үлкен көлемдегі су барып жатыр», – деді СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Кирилл Иванников

Сәуірдің 14-і күні «Петропавл-Жезқазған» тас жолындағы «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінің маңында су тасқыны басталды. Ол жерде су деңгейі шамамен 60 см құрайды. Жүктер мен қажетті заттарды кедергісіз жеткізу үшін құтқарушылар мен полицейлер кезекшілік етуде.

«Эвакуация жарияланған жағдайда әр адамнан ахуалға түсіністікпен қарауды және қауіпсіз жерге көшу үшін үйден шығуды сұраймыз. Су деңгейінің ең жоғары көтерілуі алдағы 12 сағат ішінде Петропавл маңында болмақ. Бескөл ауылында су деңгейінің төмендеуі жалғасуда. Су тасқынына қарсы облыстық штабқа Қызылжар ауданы бойынша көптеген қоңырау түсуде. Ондағы оқу орындарында эвакуациялық пункттер ашылған. Уақытша тұрақтарда жатын орын, тамақ беріледі, медициналық көмек көрсетіледі. Петропавлдағы оқу орындарында да эвакуациялық пункттер ашылды. Ойқала ауданында ер адам жоғалып кетті, оны іздеу жалғасуда», – деді Кирилл Иванников.

Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова облыс орталығындағы су құбыры қалпына келтірілгенін айтты.

«Қалаға су кеше берілді, бірақ қысым әлсіз болды. Қазір қаланың барлық ауданына су берілді, желілер толып жатыр, су әр үйде ағатын болады. Су ішуге жарамды, барлық сынақтардан өткен», – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

 

 

Shares